Үш адам көз жұмды: Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен жантүршігерлік жол апаты болды
Автобус ішіндегі жолаушы жүргізушіні ұрып, есінен тандырған

Алматыда қоғамдық көлікте жолаушы туындаған жанжал салдарынан жүргізуші әйелді ұрып, есінен тандырған. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға бүгін, 22 желтоқсанда 18 сағат 15 минутта болған.
Есін жоғалтқан жүргізуші қоғамдық көлікті басқара алмай қалған.
«Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3,4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда», - делінген хабарламада.
Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.
«Үш ересек адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, біреуіне сол жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозы қойылып N7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Төртінші зардап шеккен 15 жастағы бала сол табан сүйектерінің сынуы диагнозымен N2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендерге психологиялық көмекті қосп, барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», - делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.