Түркістан облысында оқушы қызды өлтірген жігіттің ата-анасы сот үкімімен келіспей отыр
19 жастағы Бейбарыс қылмыс болғаннан кейін бір апта өткен соң ұсталыпты
Түркістан облысында 9-сынып оқушысын өлтіргені үшін 16 жылға сотталған жігіттің ата-анасы үкіммен келіспейді. Сотталушының анасы «ұлым ұзақ жыл арқалап кетті» дейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Ешқандай дәлел жоқ, телефон жоқ, денесінде, киімінде қан ізі жоқ. ДНҚ сараптамасынан да ешқандай негіз жоқ. Өйткені балам ол жерге барған жоқ. Бетінде ешқандай тырнақ ізі жоқ, денесінде де із жоқ», - дейді Қызжібек Әлиева.
19 жастағы Бейбарыс қылмыс болғаннан кейін бір апта өткен соң ұсталыпты. Бірақ анасы ол Аружан өлтірілген күні туған бауырлары және әкесімен басқа ауылда болған дейді. Тіпті істі бұрмалау үшін қылмыс орнындағы бейнебақылау камерасының жазбалары да жоғалып кетті деп отыр. Ал тергеушілер мәйіттің тырнағының астынан табылған теріге тәуелсіз сараптама жасатуға қарсылық білдіріпті.
Айта кетейік, сәуірде Төрткүл ауылында 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы 9-сыныпта оқитын Аружан есімді қызды өлтірді деген күдікпен ұсталған. Олар марқұмның жартылай жалаңаш фотосын әлеуметтік желіге жариялаймыз деп миллион теңге бопсалаған. Кейін Аружанның денесіне бірнеше жерден пышақ салып, мәйітті каналға ағызып жіберген.
Өткен аптада осы қылмысты жасаған 19 жастағы Бейбарыс 16 жылға сотталса, 11-сынып оқушысы жеңіл жазамен құтылды. Экс-әкімнің ұлына небәрі 1 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Осыған ашынған Аружанның туыстары мен ауыр жаза арқалаған Бейбарыстың анасы апелляцияға жүгінбекші.