Өткен тәулікте құтқарушылар 800-ден астам адамды құтқарды

Үш тәулік ішінде 1000-нан астам адам, оның ішінде 86 бала құтқарылды

Өткен тәулікте құтқарушылар 800-ден астам адамды құтқарды
Фото: gov.kz

Ауа райының қолайсыздығына байланысты ТЖМ бөлімшелері күшейтілген режимде қызмет атқаруға кірісі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қатты аязда және боранда елдегі барлық төтенше жағдайларға тәулік бойы және жедел әрекет етіп жатыр.

«Үш тәулік ішінде ТЖМ күштері 1000-нан астам адамды, оның ішінде 86 баланы құтқарды.  583 өрт сөндіріліп, 263 авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстары жүргізілді. Тек өткен тәуліктің ішінде ТЖМ құтқарушылары жергілікті атқарушы органдармен, полициямен, әскери қызметшілермен және жол қызметтерімен бірлесіп 887 адамды құтқарды», - делінген хабарламада.

Ауа райының нашарлауына байланысты автокөліктің барлық түрлері үшін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы қозғалысқа шектеу енгізілді.

«Солтүстік Қазақстан облысында «Челябинск-Новосибирск» республикалық маңызы бар автожолында дизель отынының қатып қалуы салдарынан Тәжікстаннан Ресейге бара жатқан жолаушылар автобусы тоқтап қалды. 31 жолаушы жылыту пунктіне орналастырылды», - делінген хабарламада.

Жамбыл облысында «Алматы-Ташкент» автожолының учаскесінің жабылуына байланысты автокөліктер кептелісі орын алды. Тоқтап тұрған көлік құралдарынан 392 адам құтқарылды. Оның 221-і теміржол көлігімен жөнелтілді. Қалған жолаушылар екі жылыту пунктіне орналастырылды.

Сонымен қатар Қордай ауданында қарға батып қалған автокөліктерден 165 адам құтқарылып, жылыту пункттеріне жеткізілді.

«Түркістан облысында ТЖД күштері қар борасынынан 287 адамды құтқарды, олар үйлеріне, теміржол вокзалына жеткізілді немесе жылыту пункттеріне орналастырылды», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Алматы, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстарында іздестіру-құтқару жұмыстары сәтті аяқталды. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың құтқару топтары қолайсыз ауа-райында мал бағуға және мал іздеуге шыққан алты адамды тапты.

«Қыста төтенше жағдайларды болдырмау үшін, ең алдымен, ауа райының өзгеруін, метеорологиялық ақпаратты, ауа-райының нашарлауы туралы арнайы хабарламаларды, жолдардың жабылуын, дауылды ескертулерді үнемі қадағалап отыру қажет. Аязды күндері пештерді қыздыру, жылытқыштарды пайдалану, электр жүйесін жүктеу және басқалар салдарынан өрт қаупі артады.

ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде алыс сапарға шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуға кеңес береді.  Өрттің алдын алу үшін жылыту жүйелерінің, электр жабдықтарының дұрыстығын қадағалаңыздар, пештерді қыздырмаңыздар және жоғары қуатты құрылғыларды бір уақытта қосу арқылы электр жүйесін шамадан тыс жүктемеңіздер», - деп ескертеді ведомство өкілдері.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.