Ақтауда ата-аналар балаларын балабақшада ұрып-соққанын айтып шағымданды
Баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған
Ақтауда ата-аналар 28-шағынауданда орналасқан балаларды ерте жастан дамыту орталығында бүлдіршіндердің соққыға жығылғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі inAktau-ға сілтеме жасап.
Ата-аналардың айтуынша, оқиға 7 желтоқсанда болған.
Бейнебақылау камерасынан тәрбиешілердің балаларды төсекке жатқызып жатқанын көруге болады. Артынша олардың біреуі бір баланың қолынан ұстап, жастыққа лақтырып жібереді.
«Біз полицияға ресми түрде арыз жаздық, полиция арызды қабылдады. Баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері анық байқалады, сонымен қатар орталықта қызметкердің баланы қалай ұрғанын анық көрсететін бейнекамера жазбасы бар. Баланың жасы небәрі бір жас жеті айлық. Осы факті бойынша қызметтік тексеру жүргізуді сұраймыз», — деп жазды ата-аналар.
Ақтау қалалық білім бөлімі зардап шеккен баланың ата-анасының мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
«Бұл балабақша Ақтау қаласында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ашылған мектепке дейінгі ұйымдардың тізіміне енбеген. Қазіргі уақытта Ақтау қалалық білім бөлімі құқық қорғау органдарына тексеру жүргізу туралы хат жолдады», - делінген хабарламада.