Павлодарда автомеханик өзге адамның машинасын сатып жіберген
Ер адамның 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді
Павлодарда автомеханик өзге адамның машинасын сатып жіберген. Иесі көлікті екі жыл бұрын несиеге алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Тереңкөл ауданының тұрғыны Lexus GS 300-ді 5,1 миллион теңгеге алған. Сатып алған соң алты айдан кейін ер адам көлігін сындырып алып, облыс орталығындағы жөндеу орталығына берген. Автомеханик жұмыс пен қосалқы бөлшектерді 220 мың теңгеге бағалаған.
Кейін автомеханик автокөлікті жөндеу жұмыстары бірнеше айға созылатынын жеткізген. Көлік иесі жұмысшыға сеніп, тапсырған. Ағымдағы жылдың қаңтар айында механик көлік иесіне келіп, автотұрақ ақысын төлеуді сұраған. Ал автотұрақ ақысы – 50 мың теңге. Кейін жұмысшы ұшты-күйлі жоғалған. Көлік иесі машинаның жоқ екенін біліп, полицияға жүгінген.
Осы уақыт ішінде механик көлікті бөлшектерге сатылатыны жайлы хабарландыру беріп, 500 мың теңгеге сатып жіберген.
Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы үшінші бөлігінің бірінші тармағы – «Ұрлық» бойынша автомеханикті кінәлі деп таныды. Ер адамның бас бостандығына үш жыл алты айға шектеу қойылды.
Lexus иесіне қайтарылды. Одан алынған және сатылған шанақ бөлшектері 2,7 миллион теңгеге бағаланды. Бұл сома сотталушыдан алынады. Сондай-ақ, автомеханик 300 мың теңге өкілдік шығындарды төлеуі тиіс.