Шығыс Қазақстанда аулада ойнап жүрген екі баланы ит талап тастады
Қазіргі уақытта олар Өскемендегі Ана мен бала орталығына жатқызылды
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында ит талаған екі бала ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Глубокое ауданы Белоусовка кентінде болған. Аулада ойнап жүрген екі балаға ит шабуыл жасап, талап тастаған. Қазіргі уақытта олар Өскемендегі Ана мен бала орталығына жатқызылды.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медициналық көмек көрсетілген балалар дәрігерлер бақылауына алынған.
«Балалардың бірінің жағдайы жақсарып қалды. Ал бет терісінде көптеген тістелген жарақаты бар екінші пациентке шұғыл түрде ота жасалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы қалыпты», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Оның айтуынша, әуелде балалардың бірі өзін ит талағанын мойындамай, әйнекке құлап қалғанын айтқан. Алайда жарақаттарынан ит қапқаны айқын көрінген.