Жамбыл облысында көші-қонды заңсыз ұйымдастырғандар ұсталды
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Қордай ауданының аумағында соңғы жарты жылда Оңтүстік Азия елдері (Пәкістан, Непал, Шри-Ланка) азаматтарының Қырғыз Республикасы жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының тысқары жерлерінен заңсыз өтуі жиіленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, биыл 19 қыркүйекте Қордай ауданы прокурорының үйлестіруімен ҚК-тің 394-бабының 2-бөлігі бойынша (адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) полиция бөлімі қылмыстық істі тіркеді.
Осы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданы прокурорының қаулысымен аудандық полиция, шекара қызметі және ұлттық қауіпсіздік органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, олармен бірқатар тергеу амалдары жүргізілді.
Нәтижесінде Оңтүстік Азия елдерінің 20 азаматын Қырғыз Республикасынан мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінен тыс жерлері арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 3 қылмыскер құрықталып (Қазақстан және Қырғыз азаматтары), қамауға алынды.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтер ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды.