Алматыда көлікке ағаш құлады
Биыл қалада 16 925 мың дана авариялық ағаштар кесілген
Алматыда толассыз жауған жаңбырдан ағаштар құлап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үлкен ағаш жүріп бара жатқан көліктің үстіне құлады.
Оқиға Медеу ауданындағы Қалдаяқов көшесі мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында болған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Жолды тазарту үшін «109» құтқару қызметінің күштері мен құралдары және «102» қызметкерлері жіберілген.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жауын-шашынның көп түсуі ағаш тамыр жүйесінің түбіндегі топырақтың батпақтануына әкелді. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жолдан құлаған ағашты жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алматы қаласының аумағында жасыл желектерді түгендеуге сәйкес 84 мыңнан астам авариялық ағаштар бар. Олардың 35 мыңы көше бойында, 49 мыңы аула аумақтарында өсіп тұр. Жұмыс жоспары бойынша 2022 жылы магистральдық жолдар бойында, саябақ аймақтарында және аулаішілік аумақтарда 5 мың дана апатты ағаш кесілді. Кесілген ағаштардың орнына 50 мың дана жас көшет отырғызылды», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл экология және қоршаған орта басқармасы 16 925 мың дана авариялық ағаштарды кескен. Кесілген ағаштардың орнына 169 250 дана жас ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланыпты.
«Жыл ортасында басқарма 8 аудан бойынша шарттар жасасты, жалпы пайдаланымдағы аумақтарда авариялық ағаштарды кесу кестесіне сәйкес жұмыс басталды. Ғылыми қызметкерлерді тарта отырып, авариялық ағаштарды кесу жөніндегі жұмыстарды бастамас бұрын экологиялық жұртшылықтың мәселелерін шешу үшін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері мен эко-белсенділер авариялық ағашты мұқият тексереді. Қазіргі уақытта құтқару және коммуналдық қызметтер жұмыс істейді. Автокөлік иелері келген шығынды өтеткізу үшін полицияға өтініш беруі керек», - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.