Атырауда 81 жастағы әже өрттен құтқарылды
Қазіргі уақытта ол жансақтау бөліміне жатыр
17 қараша күні 15:10 сағатта Атырау қаласы, Байтақ ықшам ауданында орналасқан 2 қабатты жеке тұрғын үйлердің бірінде түтін шыққаны туралы шақырту түсті. Оған дейін оқиға орнынан кездейсоқ өтіп бара жатқан өрт сөндіру қызметінің маманы қызыл жалынның ортасында қалған 81 жастағы әжейді аман алып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шақырту нәтижесінде жалпы ауданы 15х12 болатын екі қабатты тұрғын үйдің жануын анықтады.
Өрт сөндіру кезекшілік қызметінің жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Жұмабиденұлы Қатапов кезекшіліктен тыс уақытта өрт шыққан үйдің маңынан өтіп бара жатып, өртті байқап, дереу өрт шарпыған үйге кірген. Нәтижесінде өрт ошағында қалған 81 жастағы қарт әжені көтеріп, далаға қауіпсіз жерге шығарып, жедел – жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
«81 жастағы әжей өрт салдарынан 3 дәрежелі күйік алғандығы анықталды. Қазіргі уақытта жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің бақылауында. Атырау облысы ТЖД 20 қызметкері мен 4 бірлік техникасы оқиға орнында өртті сөндіруге жұмылдырылды. Өрт 15:34 сағатта оқшауланып, 16:29 сағатта толықтай жойылды. Өрттің шығу себептері анықталуда», - делінген хабарламада.