Алматы облысында бала зорлады деген күдікпен 50 жастағы ер адам ұсталды
Ол екі ай мерзімге қамауға алынды

Алматы облысының полицейлері кәмелетке толмаған бүлдіршінге қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдіктіні анықтап, ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«1 қарашада Жамбыл ауданының полициясына Ақсеңгір ауылының 44 жастағы жергілікті тұрғынынан ағымдағы жылдың қазан айында белгісіз ер адамның қызына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасағаны туралы хабарлама келіп түскен болатын», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Аталған дерек ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді.
«Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты анықтап, ұстады. Соттың санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды», - деп мәлімдеді облыстық ПД басшысы Бауыржан Әленов.
Қазіргі уақытта қылмысты тергеуде оның толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатындв сараптамалық тексерулер тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.