$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.04.2020, 11:51
Оқиғалар

Коронавирус пен құнсыз теңге отандық туроператорларды қып-қызыл шығынға батырды

Үкімет субсидия бермесе туристік компаниялар жаппай банкрот болуы мүмкін

Коронавирус пен құнсыз теңге отандық туроператорларды қып-қызыл шығынға батырды

Коронавирус отандық туроператорлардың  жұмысын да тұралатты. Ішкі-сыртқы туризммен айналысатын компаниялар үкіметтен араша сұрап отыр. Қазақстанға саяхаттап келуден бас тартқан шетелдік туристер отандық операторлардан алдын ала төлеген ақшаларын қайтаруды талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Жолдамаларды алдын ала түгел брондап қойған туроператорлар енді не істерін білмей отыр.

ҰЛЫБРИТАНИЯДАН - 26, БОЛГАРИЯДАН 53 ТУРИСТ КЕЛУі КЕРЕК ЕДІ

«Turan-Asia» компаниясы нарықта 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Басшысы осы уақытқа дейін мұндай қиындыққа тап болмағанын айтады. Қауіпті індеттен сақтанған туристер сапардан жаппай бас тартқандықтан, компания жұмысты ақпан айынан бастап тоқтатқан.  

«Жыл сайын шетелден келетіндерге 5-6 рет ірі туристік шара ұйымдастыратынбыз. Тек бір жолғы саяхатқа 120-150 туристі пойызбен Қазақстанға алдырамыз. Олар осында қыдырады, көрші елдерге сапарлайды. Ақпан айынан бастап шетелдік туристер мүлдем тоқтады. Алдымен Қытайдан, Гонконгтан келетіндер бас тартты. 20 шақты қызметкеріміз бар еді. Оларға да төлейтін ақшамыз қалмады», - дейді «Turan-Asia» саяхат компаниясының директоры Гүлғайша Қаскенханова.

ЖОЛДАМАНЫ $378 САТЫП, $445 ҚАЙТАРЫП ЖАТЫР

Қазір аталған компания тек екі мемлекеттің туристеріне 26 миллион теңге қарыз. Брондауға аударылған ақшаның қашан және қалай қайтарылатыны нақты белгісіз. Оның сыртында, доллардың қымбаттауы да жағдайды қиындатып жіберді.

«Екі офисіміз бар. Бірі шетелге жіберсе, екіншісі керісінше, шетелдік туристерді  қабылдайды. Малайзияға, Дубайға, БАӘ-ге баратын туристердің ақшасын доллармен аудардық. Ұлыбританиядан - 26 адам, Болгариядан 53 турист жақында Қазақстанға сапарлауы тиіс еді. Олар да төлем доллармен жіберген. Сапардан бас тартты. Бәрі енді күнде телефонмен қоңырау шалып, хат жазып, ақшаларын қайтаруды талап етіп жатыр. Бізде оны қайтаратын ақша жоқ. Тапсырыс алған кезде доллар 378 теңге еді. Енді саяхаттаудан бас тартқан адамдардың ақшасын қайтаратын сәтте доллар 445 теңгеге өсіп кетті. Біз сонда екі рет ұтылып тұрмыз», - дейді Г.Қаскенханова.

Гүлғайша Қаскенханова қаржылық қиындық шешілмесе, отандық турагенттіктер банкротқа ұшырай бастауы мүмкін дейді. Басқа да компаниялар тығырықтан шығудың жолын таппай әлек. Үкімет кем дегенде қосымша құн салығынан босату керек деп санайды ол. Туроператорлар нарығы көрсетілетін қызметтерді алдын ала брондауға құрылған және соның негізінде өздеріне пайда табады. Клиенттерден алынған ақша қонақүй,  авиакомпаниялардан бөлек, шетелдегі серіктес операторларға да төленеді. Коронавирус өршіп, жоспар өзгергенде, авиакомпаниялар туроператорлардың тапсырысы бойынша авиаотын мен авиалайнерлерге алдын ала төлем жасағандарын айтып, ақшаны қайтарудан бас тартқан. Ал қонақүйлер азық-түлік жеткізуге, көптеген қызмет түрлерінің жұмыс істеуіне тапсырыс бергендіктерін алға тартып, ақшаны қайтара алмайтынын айтқан. 

ТУРОПЕРАТОРЛАР ҮКІМЕТТЕН СУБСИДИЯ СҰРАП ОТЫР

Отандық туроператорлардың басын біріктірген «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей  жағдайдың мүшкіл екенін айтып, ел билігінен араша сұрады. Оның сөзінше, бұл сала қазір «тұйықталған шеңбер» тәріздес. 

«Туризм нарығы тығырыққа тіреліп тұр. Туроператорлардың жалғыз бағыты - әуе жолдары мен қонақүйлерден тұратын туристік өнімдерді құру. Туроператорлар бүкіл туристік процестің драйвері болып табылады, олар өз қаражаттары мен тапсырыс берушілерден алынған қаражаттың үлкен көлемімен жұмыс істейді. Қазір бүкіл тізбек толығымен тоқтады», - деп жариялады өзінің әлеуметтік желісінде қор төрайымы Инна Рей.

Президенттен араша сұраған «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы қиындықтан шығудың жолдарын да  ұсынды. Туроператорларды банкроттыққа жеткізбеудің жолы – оларға мақсатты субсидия бөлу. Сонымен қатар, айналым қаражатты мемлекеттің кепілдендірілген қарызымен 85% көлеміне дейін көтеріп, төмен пайызбен несие беру.

«Президентіміздің сөйлеген сөзі және оның қолдаған шаралары біздің дағдарысқа қарсы тұрамыз деген үмітімізді оятты. Қонақүй бизнесі мен туризмді салық төлеуден босату бізге кейбір қызметкерлерді сақтап қалуға көмектеседі. Бұл дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуға мүмкіндік береді. Мүлік салығынан босату тек қонақүйлерге көмектесе алады, бірақ туроператорларға емес. Мемлекет басшысы мен Үкімет бізді тыңдап отыр деп үміттеніп, болашақта біздің басқа проблемаларымыз бен сұрақтарымыздың ескерілетініне сенеміз», - деді Инна Рей.

ТУРИСТЕРГЕ БЕРЕШЕК – 3,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Қор төрайымының мәліметінше, туристерге төлейтін берешек 3,8 миллиард теңгеге жеткен. Бұл тек отандық 26 туроператордың өз клиенттеріне қайтаруы тиіс қарызы. Ал туроператорлардың жолдамасын сатумен айналысатын турагенттік өкілдері де уақытша жұмыс істемейді. Олар коронавирусқа  қатысты карантин алынғанның өзінде, бұрынғыдай сыртқа ағылатын адамдар саны жылдағыдан әлеқайда аз болады деп болжайды. Өйткені, табысынан айрылған адам көп, ал қалтада аздаған қоры бар адамдар қаражатты тек тамаққа жұмсап қана үйде отыр. Шетелге отбасымен бірге демалуға баратын ақшаны көп адам жинап үлгермейді. Бұрынғыдай шетелге жаппай ағылу тек қыркүйек айынан кейін ғана қалыпқа келе бастайды.

«Египетке екі адамның бір апта демалып келуіне жолдама сатылымда 700 доллар деп тұр. Бірақ оны ешкім алып жатқан жоқ. Аламын дегеннің өзінде, мынадай уақытта барасың деп айта алмаймыз. Өйткені, барлық бағытқа жол жабық. Шетелдегі демалыс орындарының да қашан ашылатыны  белгісіз. Ел Тайландқа баратын теңгесіне үйінде тамақ жеп қана отыр. Анталия сияқты көптеген курорттық орындар жабық. Мына індетке байланысты кемінде, 3 ай шығында отырамыз. Маусым айынан кейін ғана жұмыс жүре бастауы мүмкін, онда да анық емес», - дейді турагенттік өкілі Роза Есенқұлова.

Оның болжамынша биыл ішкі туризмге сұраныс артады. Алакөл, Бурабай, Қатонқарағай, Бұқтырма су қоймасы сынды алыс-жақындағы көптеген демалыс орындарына барғысы келіп, жолдама брондау мақсатымен хабарласып жатқан адамдардың саны артқан. Бірақ сатылым коронавирусқа байланысты тоқтап тұр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары