Шомылу маусымы басталмай жатып, Оралда бір бала суға батып кетті
ТЖД мәліметінше, қайғылы оқиға Шаған өзенінде болған, бала жағалауда ересектердің қарауынсыз жүрген
12 жастағы бала Оралда суға батып кетті. Қайғылы оқиға суға түсу маусымы басталмай тұрып болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға Орал қаласындағы «Телецентр» ауданында, Шаған өзенінде болған.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай 16 мамыр күні тіркелген.
«2014 жылы туған бала ересектердің қарауынсыз Шаған өзенінің жағасында жүрген кезде суға құлап, батып кеткен. Құтқарушылар жасөспірімнің денесін тауып, судан алып шықты», – деп мәлімдеді ведомство.
Департамент өкілдері бұл биыл өңірде суға кеткен алғашқы бала екенін айтты. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында шомылу маусымы әлі ресми түрде ашылмағаны атап өтілді.
ТЖД дерегіне сәйкес, 2025 жылдың басынан бері өңірде жеті адам суға кеткен. Оның бірі – бала.