ШҚО-да Travel the world туристік фирмасының иесі 13 адамды алдап, 20 млн теңгесін қағып алған

Алаяқ жеңілдетілген туристік жолдамаларды ұсынып, азаматтарды алдаған

ШҚО-да Travel the world туристік фирмасының иесі 13 адамды алдап, 20 млн теңгесін қағып алған
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны «Travel the world» туристік фирмасын құрып, әлеуметтік желіде БАӘ, Египет пен Түркия елдеріне ерте брондау бағдарламасы бойынша тиімді бағамен туристік жолдамалар сатылатыны туралы жарнамалар жариялаған. Ол алаяқтық жолмен 13 жәбірленушінің жалпы сомасы 20 млн теңге ақшалай қаражатын жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот оны аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық қылмысы үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Апелляциялық сатыдағы сот оған «Рақымшылық жасау туралы» заңын қолданып, жазаны 4 жылға дейін қысқартқан.

Сот актісінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық заңының дұрыс қолданылмағаны анықталды.

«Прокурордың кассациялық наразылығы бойынша апелляциялық сатының қаулысы өзгертілді. Бас бостандығынан айыру мерзімі 5 жылға ұлғайтылды. Азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы туристік жолдамалар сатып алу кезінде сақ болу ұсынылады», – делінген прокуратура хабарламасында.