Ақтөбе облысында блок-бекетті айналып өтпек болған азамат ұсталды
Ол Ақтөбеден Қандыағаш қаласындағы ата-анасына бармақ болған
Ақтөбе облысында қала сыртындағы жолмен блок-бекеттерді айналып өтпек болған 21 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
31 наурыздан бастап Ақтөбе облысында бірқатар қозғалысқа шектеу енгізілгені белгілі. Соған байланысты облыс пен қалаға кіретін және шығатын жолдарда блок-бекеттер орнатылды.
Полиция қызметкерлері сол шектеулерді елемей, қала сыртына шыкпақ болған 21 жастағы жігітті Алға ауданындағы блок-бекетте ұстаған. Ол Ақтөбеден Қандыағаш қаласындағы ата-анасына бармақ болған.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған полицейлер бекетте ұсталған жігітті сот шешімімен бес тәулікке қамауға алды. Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге ТЖ режимін сақтау бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр», - делінген хабарламада.