Павлодар облысында жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, қашып кеткен
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр
Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Белгілі болғандай, 22 қазанда Ленин көшесінде ВАЗ-21074 маркалы автокөлікті басқарған жүргізуші Еңбек ауылына қарай жүріп келе жатып, бұрылыста жолдың сол жағымен келе жатқан 58 жастағы ер адамды қағып кеткен.
«Апат салдарынан жаяу жүргінші алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды. Жүргізуші апат орнынан қашып кеткен. «Ұстау» жоспары енгізілді. Полицейлер жүргізілген іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жүргізушіні ұстады. Ол 41 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Полиция тексеру жүргізіп жатыр», – деді департаментте.
Сондай-ақ сол күні Екібастұз қаласында сағат 22.30-да Абай көшесімен келе жатқан «Lada-21144» автокөлігінің жүргізушісі 27 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, жолдың жүріс бөлігін белгісіз жерде кесіп өткен. Соның салдарынан жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.