Алматы облысында аудандық білім бөлімі мемлекеттің жарты миллиард теңгесін ұрлаған – Антикор
«Өлі жандарға» қаражатты білім бөліміндегі бухгалтерлер аударып отырған
Алматы облысының Іле аудандық білім бөлімінде бюджеттің жарты миллиард теңгесі ұрланған. Жауапты басшылар қаражатты ауыл мен аудандағы мектептерде жұмыс істемейтін мұғалімдерге аудару арқы қолды қылған. Мемлекетке келген шығын көлемі 500 миллион теңгеден асады деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ләззат Каткеева басшылық ететін Білім бөліміндегі қаражатты ұрлауға қатысы бар тұлғалардың үстінен қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. «Өлі жандарға» қаражатты білім бөліміндегі бухгалтерлер аударып отырған. Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарлауынша, қылмыстың істер жақын арада сотқа жолданады.
«Сондай-ақ бухгалтерлер мұғалімдермен келісе отырып, жоғары жалақы төлегені туралы 4 факт бар. Мұндай бұзушылықтардың жалпы сомасы 81 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бір факт бойынша бухгалтер мен 4 мұғалім 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 62 млн теңге көлемінде келтірілген залал толығымен өтелді», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Одан бөлек Жамбыл аудандық білім бөлімінде де қазынаның қаражатын ұрлау әшкереленген. Ұзынағаштағы білім бөлімінде қолды болған қаражаттың көлемі 100 миллион теңгеден асады.
«Алматы облысында 609 млн теңге жұмыс істемейтін мұғалімдерге төленген. Жүргізілген сыртқы талдау барысында 609 млн теңгеден астам қаражат жалақы түрінде аударылған 13 "өлі жан" анықталды. Осы фактілер бойынша 6 бухгалтерге қатысты қылмыстық істер тіркелген. Олардың біреуіне қатысты 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, сот үкімі шығарылды. 81 млн теңге шығын толығымен өтелді», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қалған жауапты тұлғаларға қатысты тергеу жуық арада сотқа жолданады. Ал осыншама қаражаттың ұрлануына жол берген білім бөлімінің басшыларына қатысты шара күдіктілерге қатысты сот үкімі шыққан соң қабылданады. Бұндай келеңсіздіктердің орын алуын адами фактордың болуы және "Парус-Каз" бен "1С" жүйелерінде қазынашылық базаларымен интеграцияның болмауы себеп.
«Басшыларға қатысты: соттың шешімдерінен кейін жауапкершіліктері қарастырылады. Бухгалтерлерге қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. Жақын арада сотқа жолданады. 500 млн. астамы Іле ауданына қарасты», - деді Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.