Түркістанда балабақша жүргізушісі 5 жасар баланы қағып өлтірді
Қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр
Түркістанда жекеменшік балабақшаның жүргізушісі көлігімен 5 жасар баланы қағып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Кешкі уақытта жекеменшік балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдап жүрген Hyundai Starex көлігінің жүргізушісі баланы үйінің жанындағы жолға түсірген. Балақай көліктің алдынан кесіп өтпек болған кезде жүргізуші оны байқамаған қалпы жүріп кеткен. Көлік дөңгелегінің астында қалған бала ауруханаға жеткізілгенімен, жансақтау бөлімінде қайтыс болды», - делінген полиция хабарламасында.
Жүргізуші қамауға алынып, көлік уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.