Нью-Йорк соты Трампты алаяқтық әрекеті үшін кінәлі деп тапты
Оның компаниясы он жыл бойы қаржы органдарын активтерінің құнына қатысты несиелер мен сақтандыру қызметтеріне жеңілдіктер алу кезінде алдаған
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты сот кінәлі деп тапты. Бір күн бұрын шыққан сот шешімінде Нью – Йорк соты оның отбасын да алаяқтыққа қатысы бар деп тапты. Экс-президент өз активтерінің құнын заңсыз арттырған. Шешімді Нью-Йорк қаласының судьясы Артур Энгорон шығарды, деп Azattyq Ruhy Reuters агенттігіне сілтеме жасаған хабарлайды.
Нью-Йорктің бас прокуроры Летиция Джеймс 2022 жылдың қыркүйегінде сотқа жүгініп, Трампты алаяқтық жасады деп айыптады. Трамптың негізгі компаниясы - The Trump Organization он жыл бойы қаржы органдарын активтерінің құнына қатысты несиелер мен сақтандыру қызметтеріне жеңілдіктер алу кезінде алдаған.
26 қыркүйекте қабылданған сот шешімі мемлекеттік прокурор Летиция Джеймстің азаматтық талабы бойынша түпкілікті емес, оны қарау 2 қазаннан бастап жалғасады, деп хабарлады американдық БАҚ.
Бұл - Дональд Трампқа қарсы қозғалған істердің бірі ғана. Биылдың өзінде оған қарсы «2021 жылдың қаңтарында Капитолийге шабуыл жасау», «Джорджия штатындағы сайлау нәтижелерін өзгерту», «Мар-а-Лаго үйінде құпия құжаттарды сақтау», «Қаржылық құжаттаманың жалғандығы» сынды төрт айып тағылды.
Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ