Заңгер баспалдақтан құлап кеткен оқушының өте ауыр халде жатқанын мәлімдеді
18 қыркүйекте бала жансақтау бөліміне түсіп, 3 күн комада болған
Астанадағы №14 мектеп-гимназиясында оқушының баспалдақтар арасынан құлап, комаға түскен оқиғасына қатысты Астана қаласының Білім басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Басқарма өкілдері қазіргі кезде баланың жағдайы «қалыпты» екенін жеткізді.
«Астана қаласының №14 мектеп-гимназиясының оқушысы екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанда баспалдақтан құлаған. Баспалдақтың қоршауы бар. Баланың айтуынша, оны сыныптасы итеріп жіберген. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Бала қалалық балалар ауруханасында. Жағдайы қалыпты, есін жоғалтқан жоқ», - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, басқарманың хабарлауынша, мектеп баспалдақтарында қоршау бар.
«Білім басқармасы мектеп директорына қатысты шара қабылдау туралы мәселені қарайтын болады», - деп хабарлады ведомство.
Алайда зардап шеккен оқушының жағдайы туралы отбасының жақын досы әрі заңгері әлеуметтік желіде басқаша жазады.
«Мен, отбасының жақын досы және Ходамқұловтардың заңгерімін. Астана қаласының №14 мектебінің 2-қабатынан құлаған 2-сынып оқушысының жағдайы өте ауыр екенін мәлімдеймін. 18 қыркүйекте бала жансақтау бөліміне түсіп, 3 күн комада болды. Жедел жәрдем 40 минутта жетті. Бүгінгі күнге дейін баланың диагнозы: ашық бас миының жарақаты, этмоидты сүйектердің сынуы, маңдай сүйектерінің сынуы, пневмацифалия, көз ұясының ісінуі, периорбитальды ісіну. Мектептерде қауіпсіздік техникасы сақталмағаны қорқынышты. Бір қызығы, дәл сол күні қабаттар арасында орнатылған камералар жұмыс істемей қалған. Іс Сарыарқа полиция департаментіне жөнелтілді. Әзірге нәтиже жоқ!!!
Біз балаларды мектепке олар қауіпсіз жерде деп жібереміз және Оқу-ағарту министрлігі, атап айтқанда, мектеп әкімшілігімен барлық шараны қабылдап жатыр деп үміттенеміз. Өйткені әрқайсымыз үшін ата-анамыз бен бала – өміріміздің басты құндылығы», - деп жазады зардап шегуші тараптың заңгері.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы мектепте оқушы баспалдақтардың арасынан құлап кетіп, комаға түскені туралы хабарлаған болатынбыз.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН