Шымкентте кішкентай қыздардың алтын сырғасын ұрлаумен айналысқан әйел ұсталды
Ол балаларды «балмұздақ беремін» деп алдаған
Шымкентте кішкентай қыздардың алтын сырғасын ұрлаумен айналысқан бикеш ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұран ауданының тұрғыны полицияның «102» арнасы арқылы бейтаныс біреу кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлады. Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, балмұздақ алып беремін деп, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алып, белгісіз бағытқа ізін “суытқан”.
Полицейлер аталған деректі ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер болған жайтты көрген-білген барлық куәгерлерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Қабылданған шаралардың арқасында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны екі тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді.
Тұран АПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы бойжеткеннің осыған ұқсас басқа да қылмыстық істерге қатысы бар. Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қала тұрғынының алтын сырғасын иемденіп, қарт әйелдің телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.