Алматы, Шымкент, Жамбыл облыстарында арнайы операция жүргізілді
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында болған қақтығыс бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің алдын ала қорытындылары хабарланды.
Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік оқиғасының белсенділерін ұстау мақсатында бүгін арнайы операция жүргізілді.
«Үш бірдей өңірде жүргізілген арнайы операция кезінде 25 адам құрықталды. Олардың ішінде қазақ, дүнген, қырғыз ұлтының азаматтары бар. Ұсталғандардың 7-уі бұрын сотталған. Істі тергеу жалғасуда және біздің ерекше бақылауымызда болады. Барлық процессуалдық шешімдер заңнамаға сәйкес қатаң қабылдануда. Жиналған дәлелдемелерге тиянақты талдау жүргізіп жатырмыз» - , деді Бас прокурордың орынбасары.
Сондай-ақ, Ерлік Кененбаев қазақстандықтарды тек ресми органдар таратқан ақпараттарға сенуге шақырды.
«Жалған мәліметтерді таратуға және жолдауға жол бермеу қажет. Сот төрелігін жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеу жүргізуге кедергі жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 407-бабымен қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертемін. Бүгін толық сеніммен Қордайдағы жағдай тұрақты деп айта аламын», - деді ол.
Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты. Қақтығыс кезінде 11 адам қаза тапты.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан