Маңғыстау облысында COVID-19 жұқтырған азамат Ыстамбұлдан ұшып келген
Ер адам Орал қаласының тұрғыны
Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған азамат бүгін таңда Ыстамбұл қаласынан ұшып келген. 1974 жылғы ер адам Орал қаласының тұрғыны, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бүгін Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған бірінші адам тіркелді. Ер адам – 1974 жылғы Орал қаласының тұрғыны. Бүгін таңғы 05.30-да ұшақпен Ыстамбұлдан Ақтауға ұшып келген. Ұшақта жалпы саны 74 адам болған. Олардың бәрі обсервациялық ауруханаға жатқызылды. Жалпы, карантинде қазір 86 адам жатыр, 139 адам үй карантинінде», - деді Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Әлімжанұлы.
Қазіргі таңда коронавирус жұқтырған азамат инфекциялық ауруханаға ауыстырылған. Анықталғандай, ол Түркияға жеке бас мәселесімен барған. Ұшақпен ұшып келген азаматтардың барлығы арнайы автобуспен ауруханаға жеткізіліп, тест тапсырған.
Айта кететіні, 27 наурыз сағат 18:35-тегі жағдай бойынша Маңғыстау облысында бір азаматтың коронавирус жұқтырғаны анықталған болатын. Сондай-ақ, кешкісін Алматыда тағы 2 адамнан коронавирус анықталды. Осылайша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 137 адамға жетті.
Нұр-Сұлтан қ. – 69
Алматы қ. – 50
Қарағанды қ. – 4
Шымкент қ. – 2
Жамбыл обл. – 3
Атырау обл. - 3
Алматы обл. – 3
Ақтобе обл. – 1
Павлодар обл. – 1
Маңғыстау обл. – 1
Солтүстік-Қазақстан обл. – 1
Сауығып кеткен – 3
Қайтыс болған – 1
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан