Түркістан облысында 5 жасар қыздың жантүршігерлік өлімі бойынша сот отырысы басталды
Сот процесі басқа облыстағы тергеу изоляторының аумағында өтеді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды қорлап-зорлау және өлтіру дерегі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы заңгер Талғат Есімов өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
«Атышулы істі қарау кезінде сот процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кез келген оқиғаның алдын алу мақсатында сот процесі басқа облыстағы тергеу изоляторының аумағында өтеді. Менің жеке ұстанымым – бір ғана үкім шығарылуы керек, яғни сотталушыны өмір бойы қоғамнан оқшаулауға тиіс», - деп жазды адвокат.
Кей ақпарат көзі күдіктіге үкім бүгін шығатынын хабарлаған.
Тақырыпқа орай: Түркістан облысында азғынның қолынан қаза тапқан қыз жер қойнына тапсырылды
Еске салайық, бүкіл елдің жағасын ұстатқан жантүршігерлік қылмыс биыл 14 шілдеде болған еді. Белгісіз біреу Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Еркежан Нұрмахан 13 шілдеде түс уақытында ауладан із-түзсіз жоғалып кеткен. Бүлдіршінді іздеуге бүкіл ауыл халқы жұмылған. Марқұмның туыстарының айтуынша, бұрын сотталған көршісінен күдіктенген. Іздеп жүрген топ оның үйіне екі рет барғанымен, үйін тек үшінші рет барғанда ғана толық тінтіп шыққан. Сол кезде күдіктінің қорасынан көптеген пышақ жарақаты бар қыздың денесі табылған.
Кейін белгілі болғандай, баланы өлтірді делінген педофил-күдікті бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылға жуық жазасын өтеп келген. Ал биылғы мамырдың басында өзгенің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бас бостандығы шектелгені анықталды.