Алматыда қоқыс тасымалдайтын көлік қалаға адам тасыған
Олар төтенше жағдай талаптарын сақтамағаны үшін жауапқа тартылады
27 наурызда түнгі сағат екі шамасында Ақын Сара мен Ақсай көшелерінің қиылысында орналасқан №7 бақылау-өткізу бекетінде қоқыс тасымалдайтын жүк көлігі ұсталды. Көліктің 1994 жылғы жүргізушісі қоқыстың орнына облыстан қалаға адамдарды тасымалдамақ болған.
«Жүргізуші бұл әрекетке ақшалай сыйақы алу үшін барған. Алайда, оның әрекеті жүзеге аспай, блок-бекетте ұсталды. Қазір жүргізуші мен оның жолаушысына қатысты ҚР ӘҚбК-нің 476-бабы бойынша құқық бұзушылық негізінде әкімшілік іс қозғалды. Азаматтарға тағы да төтенше жағдай ережелерін қатаң сақтауды ескерту қажет. Бұл нормаларды елемегендерге кем дегенде 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады», - деді Алатау аудандық полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр.
Қоқыс көлігінің қай уақыттан бері қоғамдық көлікке айналғаны белгісіз. Сыйақы ретінде алған ақшасы да алдағы уақытта анықталмақ.