$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қорқынышты әрі жиіркенішті»: Атырау перзентханасының палаталарында тышқан өріп жүр

Облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі түсініктеме берді

Атырау облыстық перинаталдық орталығының емделушілері мекеме палаталарында тышқандардың өріп жүргенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

AtyrauPress жазуынша, перзентханада жатқан келіншектер түсірген видеодан кеміргіштердің төсек пен шкаф үстінде қалай емін-еркін секіріп жүргенін көруге болады. 

«Бұл жерде жатудың өзі қорқынышты әрі жиіркенішті. Тышқандар палатаның ішінде, одан қалса, шкаф пен төсектердің үстінде еш сескенбестен еркін жүр. Бұл медициналық мекеме емес пе? Ал кеміргіштердің инфекция мен түрлі ауру тасымалдаушысы екенін белгілі», - дейді желіде тараған видеоның авторы.

Аталған оқиғаға байланысты облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Қазіргі таңда перзентхана қаладан шалғайда, дала тышқандары жүретін жазықта орналасқан. Осыған байланысты облыстық перинаталдық орталық әкімшілігі дезинфекциялау жұмыстарын жиі жүргізеді. Алайда кеміргіштер ғимарат ішінде қайта-қайта пайда болып жатыр. Нормативтік құқықтық актілерге сәйкес дератизация жұмыстары айына бір рет жүргізіледі. Күрделі ахуалға байланысты бұл жұмыстар айына екі рет жүргізіле бастады. Соңғы дератизация 23 тамызда жасалды. Бүгін, 28 тамызда қосымша дератизациялау жоспарланып отыр», - деді аурухана өкілдері.

Еске салайық, 2022 жылдың қазанынан бастап өңірдегі жүкті әйелдер 2020 жылы коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар үшін ашылған модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратында қабылдана бастады. Бұған Атырау облыстық перинаталдық орталығының бес қабатты ғимаратындағы әлі күнге дейін жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған.

Серіктес жаңалықтары