Қарағандылық азамат карантиндегі әйеліне терезе арқылы жасырын кірмек болған
ТЖ режимін бұзған 137 адам жауапқа тартылды, 89-ы қамалды
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзғандар туралы соңғы мәліметтермен бөлісті.
«Соңғы тәулікте төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша 137 адам жауапқа тартылды, 89-ы қамалды. Олардың бәрі де өз әрекеттерінің заңға қайшы екенін мойындады», - деді министр онлайн брифинг барысында.
Министр карантин кезінде тұрғындардың ақылға қонымсыз әрекеттерін мысалға келтірді.
«Қарағандыда өзінің бұрынғы әйелінің палатасына терезе арқылы кірмек болған ер адам 10 тәулікке қамалды. Әйелі каратинде жатқан. Әйел адам Германиядан келген. Мұндайда «Не үшін?» деген сұрақ туындайды», - деді министр.
Айта кетейік, елімізде коронавирустың кең таралуына жол бермеу мақсатында 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Ал, 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин енгізілген.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан