Алматы облысында мас жүргізуші екі әйелді қағып өлтірді
Араққа тойған жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып кеткен
Ауыр жарақат алған 58 және 41 жастағы екі әйел жедел жәрдем көлігі келгенше оқиға орнында қайтыс болып кеткен деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қайғылы оқиға Талғар ауданы Жалғамыс ауылында 25 наурызда күндізгі он екілер шамасында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда алкогольді ішімдік ішкен жүргізушілер бұған дейін де бірнеше рет жол апатын жасаған екен. Ал, дүкендер арақ-шарапты лицензиясыз, яғни рұқсатсыз сататын көрінеді. Тәртіп сақшыларына сенімсіздік танытқан тұрғындар енді дүкендерді өздері тексермекші.
«Бұл Жалғамыс ауылында мас жүргізушінің қатысуымен болған үшінші қайғылы оқиға. Бұған дейін де араққа тойған жүргізушілер екі рет жол апатын жасап, екеуінде де адам өлді. Бұл менің өзім куә болған оқиғалар. Мен білмейтіндері де бар шығар... Дүкен иелері арақты заңсыз сатады. Соның соңы мынадай қайғымен аяқталды. Біз енді сондай дүкендерді өзіміз аралап тексермекшіміз», - дейді Сержан есімді жергілікті тұрғын.
Ал, облыстық Полиция департаменті 55 жастағы жүргізушінің оқиға орнында ұсталғанын айтты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, көлік жылдамдығының қатты болғаны сонша, тротуарда кетіп бара жатқан әйелдерді ондаған метр жерге сүйреп кеткен.
«Мас күйде көлік жүргізген Қ есімді 1965 жылғы азамат Школьный көшесінің бойында қарсы бетке шығып, жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан 1962 жылы туған И және1979 жылы туған С есімді екі әйелді қағып өлтірді. "Lada granta" маркалы машинаны масаң күйде жүргізген адам өзге көлікті басып озбақ болғанда адамдарды қаққан. Күдікті Талғар аудандық ПБ уақытша тергеу изоляторына қамалып, ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігімен сот алды тергеу басталды», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.