Президент дәрігерлер мен полицейлерге сыйақы беруді тапсырды
Сыйақы бір айлық жалақы мөлшерінде болады
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер мен полицейлерге бір айлық мөлшерінде сыйақы беруді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Үкімет пен әкімдікке коронавируспен күреске атсалысып жатқан дәрігер, полицей мен өзге де мамандық иелеріне 1 айлық мөлшерінде сыйақы беруге қосымша қаражат іздеуді тапсырамын»,-деді президент.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы аталған мамандық иелеріне алғыс білдірді.
«Бүгінгі таңда алдыңғы шепте демалыссыз, өз отбасын көрмей, бастарын үлкен қауіпке тігіп жұмыс істеп жатқан – дәрігер, полицей және өзге де маман иелері азаматтық және қызметтік міндеттерін атқаруда. Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын!»,-деді ол.
Айта кететіні, Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты COVID-19 бақылайтын және есепке алатын Жедел орталықтың жұмысы тиімді және үздіксіз жүруі тиіс екенін атап өтті.
Еске салсақ, соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 62 адамға жетті. Алматы қаласында 26 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 адам, Қарағанды каласында 2 адам, Алматы облысында 1 адам, Ақтөбе облысында 1 адам тіркелді.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан