Отбасы мүшелері Еуропаға саяхаттап келген
Түркістан қаласында бүтін бір отбасының мүшелері шетелге барып келгеннен кейін коронавирус жұқтырған деп жалған ақпарат таратқан күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалған ақпаратты әйелдер WhatsApp мессенджері арқылы таратқан. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы, «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша іс қозғалды.
Анықталғандай, аталған отбасы расымен де, Еуропаға саяхаттап келген. Олар Алматыға келген бойда дәрігерлердің толық тексеруінен өткен. Аурудың еш белгілері болмағандықтан, отбасы мүшелері үйлеріне қайтарылған. Түркістанға келгеннен кейін де оларды СЭС қызметкерлері бақылауға алып, қосымша тексеру жүргізген. Алайда, вирус анықталмағандықтан бақылау тоқтатылған.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратушы - Түркістан қаласының үш тұрғынын ұстады. Күдіктілер өз әрекетін толық мойындап, өкінетіндерін жеткізді. Олар бұл хабарды туыстары мен жақындарын ескерту үшін таратқанын түсіндірді. Осы жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер істің толық мән-жайын анықтауды бастады», - делінген полиция хабарламасында.