ШҚО-да тауға найзағай түсіп, құрғақ шөп өртенді
Өртті сөндіруге 34 адам жұмылдырылды

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Күршім ауданындағы таулы жерде найзағай түсуі салдарынан құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 9 шілдеде сағат 15.00 шамасында болған.
«Оқиға орнына автокөлік техникасымен жету мүмкін болмағандықтан, жергілікті атқарушы органдардан, өрт сөндірушілер мен орманшылардан 34 адам жану ошағына жаяу жіберілді.
Өрт сөндірудің барлық қатысушыларының іс-қимылдары үйлесімділігінің арқасында 10 шілдеде сағат 00.00-де өрт 3 гектар алаңда сөндірілді», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, облыстың оңтүстігі мен батысында өрт қауіптілігінің жоғары дәрежесі туралы дауылды ескерту бар.
«ШҚО ТЖД халыққа ашық отты пайдалану кезінде өте сақ болуға, үйлер мен үй-жайлардың жанында от жағуға, құрғақ шөпті, қамысты өртемеуге кеңес береді. Көліктерден сөндірілмеген темекі, шыны ыдыстарды тастамаңыздар. От жағуға болмайды!» - дейді ТЖД өкілдері.