Өзбекстанға 24 тонна жанармай алып өтпек болған шетелдіктің жолы кесілді

Azattyq Rýhy

Сот шешімімен тауар мемлекет пайдасына тәркіленді

Өзбекстанға 24 тонна жанармай алып өтпек болған шетелдіктің жолы кесілді
Фото: МКК баспасөз қызметі

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Қазығұрт» кеден бекетінде 24 000 литр АИ-92 маркілі бензинін заңсыз алып кету әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 15 маусымда «Қазығұрт» кеден бекетінің қызметкерлері Қазақстаннан Өзбекстанға бағыт алған өзбекстандық  азаматтың басқаруындағы «ДАФ» маркалы автокөлігін тоқтатты.

«Көліктегі «Оксигенат» тауарының иісі жанар-жағармай тауарына ұқсағандықтан күдік туғызып, кедендік қарап-тексеру жүргізілген. Кедендік тексеру кезінде жалпы 24 дана пластмасса ыдыстарына (әрқайсысы 1000 литрден)  құйылған сұйықтық анықталған», - делінген комитет хабарламасында.

Қазіргі уақытта автокөлік құралдарымен бензин, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін елімізден сыртқа алып кетуге тыйым салынған.

«Сынамалары алынып, кедендік зерттеулер орталығына жолданып, нәтижесінде күдіктенген сұйықтықтың АИ-92 маркілі бензин екені расталды. Сот шешімімен заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 103,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды және ұсталған тауар мемлекет пайдасына тәркіленді», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.