Тараздағы қабірлердің жанынан «қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған қару табылды
Іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр
Тараз қаласының Махамбет батыр көшесіндегі зират маңынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған 3 полиэтилен қапшығын тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаптардан 10,25 мм калибрлі 3 оқ-дәрісі бар өздігінен оқталатын тегіс ұңғылы карабин, 16 мм калибрлі маркалы бір ұңғылы аңшы мылтық, Жамбыл облысы ПД қоймасынан ұрланған 12 мм калибрлі қару, бір ұңғылы тегіс ұңғылы винчестер, сондай-ақ зауыт нөмірі жойылған 16 мм калибрлі бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды.
«Қазіргі уақытта осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлімі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды», - деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.