$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.06.2023, 14:36
Оқиғалар

Өзенге лақтырып жіберген: Грузияда қазақстандық журналисті өлтірген күдікті ұсталды

Аталған оқиғаға қатысты ҚР СІМ пікір білдірді

Өзенге лақтырып жіберген: Грузияда қазақстандық журналисті өлтірген күдікті ұсталды
Фото: әлеуметтік желі

Грузияның Ішкі істер министрлігі қазақстандық журналист Жанбота Төлегенді өлтірді деген күдіктінің ұсталғанын мәлім етті. Аталған жайтқа қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Грузия полициясының хабарлауынша, тергеу барысында күдікті Г.Х. муниципалитетте туындаған жанжал кезінде қазақстандық әйелді доғал затпен ұрып, ауыр жарақат салған.

«Кейіннен қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті әйелдің денесін өзенге лақтырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Кахетия полициясы жедел іздестіру шаралары барысында көп ұзамай күдіктіні ұстады. Ұсталған адам 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - делінген Грузия ІІМ хабарламасында.

Қазіргі кезде аталған оқиға бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 108-бабы – «Қасақана кісі өлтіру» бойынша тергеу жүріп жатқаны хабарланды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Грузияда Қазақстан азаматының өлтірілгені туралы ақпаратты растады. Тергеу мүддесі үшін министрлік қылмыстық істің жай-жапсарын жарияламады.

«Қайтыс болған әйелдің денесі туған жеріне жеткізілді, ол 2 маусымда жерленді. Қазақстанның Грузиядағы консулы жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста болып, мәселені бақылауда ұстайды. Біздің азаматымыз Грузияда жеке сапарда болған. Сапардың кәсіби қызметіне еш қатысы болмаған», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске салайық, бұған дейін 54 жастағы Жанбота Төлегеннің Грузияда өлтірілгені туралы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары