Маңғыстау облысында мүғалімдер жалған дипломмен сабақ берген
Прокурорлар барлық фактілер бойынша тергеп-тексеру жүргізу үшін полиция органдарына жолдаған
Прокуратура Маңғыстау облысының колледждерінде жалған дипломдармен жұмыс жасаған қызметкерлерді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Талдаумен жалған құжатты пайдаланудың 8 дерегі анықталды, яғни Ақтау колледждерінде – 5 оқытушы, Қарақия ауданында – 3 оқытушы жұмыс істеген.
Прокурорлар барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап материалдарды одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін полиция органдарына жолдаған.
Мысалы, құқық бұзушылардың бірі 2 жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша оқытушының жұмысын атқарған.
Қарақия ауданының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындаумен қылмыстық жауаптылыққа тартты.
Осы тектес құқық бұзушылық үшін аталған сот сол колледждің басқа екі оқытушысына қатысты үкім шығарды, олар жұмыстан босатылды.
Төрт эпизод бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды.
Бір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Айта кетейік, 2022 жылы прокуратура ұқсас фактілер бойынша 14 қылмыстық іс тіркеген және осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.