Батыс Қазақстанда мас жүргізушінің кесірінен жол апаты болып, 7 жасар қыз көз жұмды
Қазіргі кезде аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 7 жасар қыз қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 15 маусым күні шамамен сағат 09.00-де болды.
«Жымпиты-Қаратөбе жолының 75-шақырымында 40 жастағы жүргізуші масаң күйде «Лада-2114» автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылған. Жол апаты салдарынан 2016 жылғы қыз бала Сырым аудандық орталық ауруханасына жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды. Жүргізуші дәрігер қарағаннан кейін үйіне жіберілді», - деді БҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Олжас Ибрайымов.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.