Алматыда ХҚКО-да делдалдық жасағандар ұсталды
Автожүргізушілер кезек күтуден қашып, делдалдардың қызметін өздері іздеп пайдаланады
Алматыдағы мамандандырылған ХҚКО-ның делдалдары ұсталды. Олар көлік құжатын жасатуға келген азаматтарға делдалдық қызмет көрсетумен айналысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Полиция көлік құралдарына арналған құжаттарды жасайтын орталықтан 14 делдалды ұстаған. Алатау аудандық полиция бөліміне жеткізілген делдалдар тегін көрсетілетін қызмет түрлері арқылы ақы таппақ ниетпен заңсыз жұмыс істеп келген. Сақшылардың сөзінше, жүргізушілердің өздерінде де кінә бар. Адамдар құжатын өздері жасатпай, ақы төлеу арқылы делдалдарды іздеуге дайын тұрады.
«Сіз кез келген жағдайда олардың (делдалдардың – ред.) көмегіне жүгінбеуіңіз керек. Азаматтарға қажетті мемлекеттік қызметтер көрсетіледі және бұл процесс көп уақытты қажет етпейді. Қазір бәрі қолжетімді және таза жүрізіледі. Шындығында, сұраныс ұсыныс тудырады. Мемлекеттік қызметті алудың жалпы ережелерін айналып өтпек болғысы келетіндер және оған ақы төлеуге дайын адамдар бар», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.