Алматы облысында мектеп баспалдағынан құлаған оқушы ауыр жарақаттанды
10 жастағы оқушы екі күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр
Оқиға Талғар ауданының Төңкеріс ауылында болған. Мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар №23 жалпы білім беретін орта мектептің 3-сынып оқушысына шұғыл ота жасалған. Қазына Қанатқызы түскі үзіліс кезінде мектептің баспалдағынан тайып құлаған. Жанында бірге келе жатқан мұғалім оқыс құлаған оқушыға сол сәтте көмек беріп үлгермеген.
«Оқиға 10 наурыз күні түскі сағат 13:50-де, 1-ші сабақтан кейінгі үзілісте болған. 3 «Д» сынып оқушысы мектеп асханасынан сусын сатып алған. 3-ші қабатқа көтеріліп бара жатқанда сусыны баспалдаққа төгіліп, содан аяғы тайып құлаған», - дейді Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев.
Басынан ауыр жарақат алған оқушы қазір Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі облыстық балалар ауруханасында жатыр. Басына шұғыл ота жасалған. «Ми контузиясы» деген диагноз қойылған оқушы әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
«Науқастың жағдайы өте ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. 11 наурыз күні басына операция жасалып, дәрігерлер қажетті көмек көрсетіп жатыр. Алайда, жағдайы өте ауыр болғандықтан нақты бір болжам айта алмаймыз», - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Талғар аудандық әкімдігінің мәліметінше, мектеп өте ескі. Іргетасы 1977 жылы қаланған оқу ғимаратына биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 600 оқушыға арналған ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 261 миллион теңге қарастырылған екен.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы