Пара беруге нұсқау берген экс-әкім 6 млн теңге айыппұл төлейді
Лауазымын асыра пайдаланды деп айыпталған Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының экс-әкіміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының экс-әкімі А. Қырықбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады.
«Қырықбаев ведомствоға қарасты ұйымдардың егін егуге және жинауға арналған арнайы көліктерін аффелирленген кәсіпорынның қарын тазалауға заңсыз тартқан. Сондай-ақ, қызметін асыра пайдаланып, «Меркі жолдары» ЖШС директорына үшінші тұлғаға 2 млн теңге пара беру туралы нұсқау берген», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі.
Тараз қаласының №2 сотының үкімімен, А. Қырықбаевқа 2 500 АЕК (6 312 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.