Атырау облысында мас адам пойыздың тоқтату кранын жұлып алған

Azattyq Rýhy

Оқиға салдарынан Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызы кестеден тыс тоқтап қалды

Атырау облысында мас адам пойыздың тоқтату кранын жұлып алған
Фото ашық дереккөзден

Атырау облысы Кенбай станциясының учаскесінде ер адамның пойыздың «стоп-кранын» жұлып алғанына байланысты Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызы кестеден тыс тоқтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға салдарынан пойыз 12 минут тұрып қалған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

Тексеру барысында көлік полицейлері Ақтөбе облысының 59 жастағы тұрғынын анықтады. Ол спирттік ішімдік ішіп, масаң күйінде вагон тамбурында тоқтату кранын жұлып алған.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес оның «орташа дәрежедегі» алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

«Сағыз станциясына келгеннен кейін құқықбұзушы акт бойынша пойыздан түсірілді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігі («Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу»), 560-бабының 1-бөлігі («Қажетсiз ретте пойызды заңсыз тоқтату») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», - деп хабарлады Атырау облысы көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.