Алматы облысында белсенді әйелді атқызды деген әкім 7 жылға сотталуы мүмкін
Үкім 16 наурызда шығады

6 айдан бері шумен өтіп жатқан Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен оның жүргізушісіне бүгін сот үкімі оқылу керек еді. Екі сотталушы да бүгін соңғы сөздерін айтқан. Алайда, жәбірленуші Галина Арзамасова күтпеген жерден мәлімдеме жасап, өзін атты деп айыпталған Ғани Смановты жазадан босатуды сұрады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұған дейін сот тергеуі, жарыссөз, куәгерлерден жауап алу сынды процессуалды әрекеттердің бәрі өтіп, тіптен прокурор судьядан жазаны да сұраған еді. Сотталушылар соңғы сөздерін айтса да, судья өзі «күтпеген» мәлімдемені естіген соң, жарыссөз бен сот тергеуін қайта бастады. Ал, экс-әкімнің адвокаты Бақытгүл Қадырбекова судья Ілияс Мұхадиұлының бұл қылығын сот өткізу қағидасын өрескел бұзу деп айыптады.
Айыптау актісінде Ғани Сманов өзінің бұрынғы бастығы Нұрғали Аппазовтың тапсырмасымен Арзамасоваға оқ атқаны айтылған. Айыптау актісі «қылмыстық істі ауырлататын жайттардың анықталуына» байланысты бірнеше рет өзгерген.
Алғашқыда Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов пен оның жүргізушісі Ғани Смановқа ҚР ҚК «Бұзақылық», «Денсаулыққа ауырлығы орташа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша айыптар тағылды. Кейінірек экс-әкім Аппазовқа ҚР ҚК 362-бабының 1-бөлімі, 3-тармағы (лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану), 24-баптың 3-бөлімі (Қылмыс жасауға оқталу), 202-баптың 2-бөлімі (Бөтеннің мүлкін қасақана жою), 28-баптың 3-бөлімі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері) баптары бойынша айып тағылған еді.
Талғар ауданының прокуроры Аймырза Есімхан бұрынғы әкім Н.Аппазовты өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 7 жарым жылға бас бостандығынан айыруды, Ғ.Смановты 3 жарым жылға соттауды сұрады.
«Қылмыстарды ішінара мойындаймын. Галинадан кешірім сұраймын. Кәмелетке толмаған бес балам бар. Үкімді бас бостандығымнан айырмайтындай шығарсаңыз», - деді сотта соңғы сөзін айтқан экс-әкім Нұрғали Аппазов.
Ал, оның жүргізушісі Ғани Сманов соңғы сөзінде мүмкіндік берсе нағыз қылмыскерді алып келуге уәде беріп, істі дер кезінде полицияға хабарламағанына өкінетінін айтты. Айтуынша, осы уақытқа дейін өзінің бастығы Аппазовта тәуелді болғандықтан жасамаған қылмысын мойнына алған көрінеді.
«Сот-медициналық сараптама қорытындысы оқтың көліктен емес, жоғарыдан атылғанын көрсетті. Сманов моральдық және материалдық шығындарды өтеп, кешірім сұрады. Сондықтан Смановқа қатысты істі қысқартып, оны сот залынан босатуыңызды сұраймын. Оның кәмелетке толмаған екі баласы бар. Ал, Аппазов осы уақытқа дейін тергеуді де, сотты да шатастырып келді. Ол амалының жоғынан мойындап отыр. Одан өкіну байқалмайды. Қазақстан халқы шетінен ата беретін қой немесе торғай емес. Билікте мұндай адамдардың отырғаны өкінішті. Осы істер арқылы мен заңды, конституцияны бұзған кез келген адам тиісті жазаға тартылатындығын көрсеткім келеді. Мен Аппазовтың жазаланғанын қалаймын», - деді белсенді Галина Арзамасова.
Адам атқызуға тапсырыс беруші деп айыпталған экс-әкім Аппазов та алты айдан бері қамауда отырған Смановтың кінәсіз екенін айтып, «оны не үшін қамап отырсыңдар» деген қарсы сұрақ қойды. Смановтың қорғаушысы Нұрзаги Құдабаева істің толық ашылмауына жауапсыздық танытқан прокурорлар мен тергеушілерді кінәлады. Аппазовтың адвокаты Бақтыгүл Қадырбекова оқ атқан адамның әлі табылмаған, қылмыстық істің толық ашылмаған деп санайтынын айтты.
«Судья, сіз сот тергеуін қайта бастап отырсыз. Бұл процссуалдық заңнаманы өрескел бұзу. Жәбірленуші оқты Сманов атқан жоқ деп отыр. Онда бұл қылмыстық құрам ашылмаған ғой. Қылмыскер әлі ұсталмаған. Істі қайтадан тергеуге жіберу керек. Дәлелдемелер жоқ. 26 тамыз күні мылтықты кім атқан? Айыптау актісі үш рет, мына сот осымен бесінші рет өзгеріп отыр. Сот ісіне көңіліміз толмайды», - деді адвокат Бақтыгүл Қадырбекова.
20 томдық қылмыстық іске 16 наурыз күні соңғы нүкте қойылып, сот үкім шығармақ.
Естеріңізде болса, Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Галина Арзамасоваға 2019 жылдың 26 тамызында травматикалық тапаншадан оқ атылып, жамбас сүйегін жарақаттаған. 64 жастағы белсенді Арзамасова сол күні ауылдастарымен бірге Талғар ауданының бұрынғы әкімі Рыскелді Сәтбаевқа барып, Панфилов ауылдық округінің сол кездегі әкімі Нұрғали Аппазовтың үстінен «жерді заңсыз сатты» деп шағымданбақ болған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы