Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

Көк түтінге тұншыққан СҚО ауылының тұрғындары көмек сұрайды

Смирнов ауылының тұрғындары жылыту маусымы басталғалы түтіннен көз ашпай отыр

фото: авторға тиесілі

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданының орталығы Смирнов ауылының тұрғындары жылыту маусымы басталғаннан бері көк түтіннен көз ашпай келеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселеге мектеп жанынан салынған жылыту қазандығы себеп болып отыр. Ал жылу таратушы компания тұрғындардың өздерін айыптайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Смирнов ауылында 5 мыңнан астам тұрғын бар. Биылғы қыс халық үшін жайсыз болды. Жылыту маусымы басталғалы бері елдімекен көк түтіннен көз ашпай келеді. Көпшілік «Сапро-Нат» серіктестігін айыптап отыр. Кәсіпорын өткен жылы аудан орталығындағы бірнеше мекемеде инновациялық қазандықтар орнатқан. Алайда халық оның «инновациясынан» гөрі, зиянын көбірек шегіп отыр. Тұрғындар әсіресе, оттегінің орнына көмірқышқыл газын жұтып жүрген балалардың денсаулығы үшін алаңдаулы.

«Бұл проблема өткен жылы туындады. Халық шағымдана бастады. Мәселені аудандық газетке де жаздық. Тыныс алатын оттегі жоқ. Жазда мұржа ұзартылды. Бәрібір түтін түбегейлі жойылған жоқ. Бұл аудан орталығындағы жалғыз мәселе емес. Жазда жолдар айқыш-ұйқыш болып жатады. Қыста қар уақытылы тазартылмайды. Біздің проблемамыз билік басындағыларды алаңдатпайтын сияқты. Биыл қыс жылы болды. Қазандық бар қуатымен жұмыс істеген жоқ. Аяз қаһарына мінсе не боларын елестетудің өзі қиын. Көшеде кетіп бара жатқан кез келген адамды тоқтатып, сұрасаңыз, менің сөзімді растайды. Жел қай жаққа соқса, сол жақ көк түтінге оранады. Далада қою тұман түскендей ештеңе көрінбей қалады. Не жағып жатқанын да білмеймін. Бәрінен бұрын, балаларды аяймын. Олардың ағзасы енді өсіп, жетіліп келеді. Осындай уды жұтып жатқан өкпелері не болар екен?», - дейді Виктор Простихин.

БАЛАЛАР ДАЛАҒА ШЫҒУДАН ҚАЛҒАН

Көк түтіннің кесірінен балалар бір мезгіл далаға шығып, емін-еркін ойнаудан қалған. Смирнов ауылының тұрғындары мектепке, балабақшаға, жұмысқа бару, мал жайғау сынды шұғыл шаруасы болмаса, далаға шығып серуендеуді де қойыпты. Ауыл тұрғыны Ксения Иванованың атуынша, түтіннен көше түгілі, үйдің іші де ыстанып кетеді екен.

«Менің үйім мектептің дәл жанында орналасқан. Қазандық тәулік бойы жұмыс істейді. Күн суытқалы айналаны түтін басты. Жақын жерде орналасқан нысандар бұлдырап көрінеді. Құдды тұман түскендей. Өзім созылмалы бронхитке шалдыққанмын. Ауа сапасының нашарлығынан денсаулығым да зардап шегіп жатыр. Бастапқыда үйдің ішінде түтін иісі шығып тұрғанда мұржаны ерте жаптым ба деп, түнде ашып қоятынмын. Сөйтсем, ыстың иісі пештен емес, даладан келеді екен. Жел соқса, түтін саябырлағандай болады. Оның өзі уақытша ғана. Қыс бойы осылай күнелтіп келеміз», - дейді Ксения Иванова. 

Қыс бойы түтіннен жапа шеккен халық аудандық әкімдікке шағымданыпты. Құзырлы мекеме қазандық мұржасы тағы да ұзартылатынын жеткізген. Алайда, әзірге әкімдік тарапынан нақты әрекет болмай отыр.

«Қауіпсіздік талабы бойынша жылыту қазандығы нысаннан тыс жерде орналасуы тиіс. Ауданда қазандықтардың барлығын сыртқа шығару мәселесі қаралды. Ол қыруар шығынды қажет ететіні анық. «Сапро-Нат» серіктестігі бұл жұмысты өз мойнына алды. Келісімшарт бойынша, серіктестік әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Біз тек коммуналдық қызметке төлем жасаймыз. Әкімдік үшін ең тиімді жолы - осы. 2016 жылдан бері аудан орталығындағы қазандықтар жаңаланып жатыр. Өткен жылы мектептерде осындай жұмыс жүргізілді. Екі қазандықтың мұржасының биіктігі талапқа сай келмеген еді. Біреуі ұзартылды. Енді екіншісі бар. Бұл мәселені серіктестікке бірнеше мәрте жеткіздік. Көктемге қарай олқылықты жоятындарын айтты» - дейді СҚО Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Самат Сәрсенбаев.

Жергілікті билік өкілдері жылу қазандықтарын жеке компанияға тапсыру оң шешім болғанын айтады. Біріншіден, коммуналдық шығын көлемі 30 пайызға қысқарған, екіншіден, жаңа пештер орнатылған соң, мектептердің іші де жылынған.

КОММУНАЛДЫҚ КОМПАНИЯ ТҰРҒЫНДАРДЫ АЙЫПТАЙДЫ

Мұндай жылу қазандықтары Смирнов ауылының 24 нысанына орнатылған. Оның сегізі - мемлекеттік мекеме. Жылуға жауапты серіктестік ауылды түтін басуына тек қазандық қана емес, тұрғындардың өздері де айыпты екенін айтады.

«Ауа райы бірде суық, бірде жылы болады. Сонда атмосфералық қысым түтінді төмен басады. Ол жалғыз қазандықтың проблемасы емес. Жеке тұрғын үйлер де бар. Біз жаз бойы 5-6 мұржаны биіктеттік. Әкімдік, полиция бөлімшесі, үш мектеп, аурухана ғимараты сынды нысандардың мұржасын 16 метр етіп биіктеттік. Болашақта бұл жұмыс жалғасады. Қажет болса, жазда тағы көтереміз. Қыста жылу беруді тоқтатып қоюға болмайды», - дейді коммуналдық мекеменің учаскелік басшысы Серғазы Құсайынов.

Жауапты кәсіпорын мұржаларды жазда қалыпқа келтіруге уәде етті. Солтүстік өңірде кей жылдары жылыту маусымы мамырға дейін жететінін ескерсек, ауыл тұрғындарына тағы бірнеше ай бойы көк түтіннің арасында өмір сүруге мәжбүр.   

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО