Коронавирус тіркелген Моңғолияда Қазақстан азаматы карантинге түсіп қалды
Бүгін Моңғолияда алғаш рет коронавирус жұқтырған адам тіркелді

Қазақстан азаматы елдің оңтүстік шығысында орналасқан Дорногов аймағындағы уран өндіретін компанияда қауіпті вирус жұқтырған француз азаматымен жұмыс істеген көрінеді. Қазіргі таңда бұл аймақтағы халықтың еркін жүріп-тұруына уақытша шектеу қойылған. Жалпы, Моңғолияда коронавирустың алдын алу мақсатында 500-ге жуық адам карантинге жатқызылған. Карантинге жатқызылғандардың арасында Қазақстан азаматының барын Дорногов аймағының төтенше комиссиясы да растаған.
«Дорногов аймағына арнайы комиссия келді. Осы уақытқа дейін француз азаматымен бірге пойызда отырған 27 адамды анықтаған. Сонымен қатар, Улан-Батор қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан «Дулаан уул» лагерінде 37 адам және «Олон овоо» лагерінде 22 адам анықталып, оқшауланды. Бұл азаматтардың барлығы «Badra Energy» компаниясының қызметкерлері және олардың бірі - Қазақстан азаматы», - делінген Дорногов аймағының төтенше комиссиясы таратқан хабарламада.
Дені этникалық қазақтардан тұратын Баян-Өлгей жұрты қауіпті вирустан үрейленіп отырғанын айтады. Билік тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салған.
«Моңғолиядағы шетелдік азаматтан COVID-19 вирусы табылғандықтан, Баян-Өлгейде де карантин жарияланды. Елдің бұрынғыдай еркін жүріп-тұруына шектеу қойылды. Аймақтағы өзге сумындарға (облысқа қарасты аудандар – ред.) баруға рұқсат жоқ. Қаладан шығатын жолдарға күзет қойылған. Үрейде отырмыз», - деді өлгейлік қазақ Айнұр Қазанайқызы.
Әмірболат Құсайынұлы