ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асты

Атырауда қамауда жатқан ломбард директорына ақша бермек болды

25 жастағы жергілікті тұрғын ақшаны заңсыз жолмен өткізбек болған

Фото: ҚАЖД баспасөз қызметі

Атырау облысындағы УГ-157/1 тергеу изоляторында жатқан тұлғаға ақша бермек болған жігіттің жолы кесілді, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy тілшісі Атырау облыстық ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Алаяқтық жасағаны үшін тергеу изоляторына қамалған тұлғаға келуші оған қабылдау бөлімінде тамақ пен киім беріп жібермек болған. Сол кезде ҚАЖД қызметкері оның шалбарының артқы қалтасынан 45 мың теңге тауып, тәркілеген. 

Белгілі болғандай, 25 жастағы жергілікті тұрғын ақшаны заңсыз жолмен өткізіп жібермек болған екен.   

«Бізде ақша беруге, қабылдауға және ұстауға тыйым салынған. Ер адамның әрекетіне байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде қамауда отырған тұлғаларға тыйым салынған заттар мен бұйымдар беру» бабы бойынша хаттама толтырылып, сотқа жөнелтілді», – деді Уг-157/1 мекемесінің күзет бөлімінің бастығы Дәулет Рахметов. 

Ал ATPress.kz порталының жазуынша, ол ақша алаяқтық жасады деген күдікпен тұтқындалған жергілікті ломбард директорларының біріне берілуі тиіс болған екен.