Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Azattyq Rýhy

Жарылыс салдарынан 4 адам қаза тапты

Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Коллаж: Azattyq Ruhy

Жаңаөзендегі жарылыстан үйінді астында қалған барлық зардап шеккендер сыртқа шығарылды. Сондай-ақ аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

«Сағат 10:45 жағдай бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 8 бала, 6 адам ауруханаға жатқызылса, 7 адам үйге жіберілді. Жарылыс кезінде 3 пәтерге зиян келді. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылады. Қазіргі уақытта үйінділерді тазалау жұмыстары жүргізілуде. Апаттың себебі мен мән-жайы толық анықталады», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы Жаңаөзен ауруханасына жатқызылған апаттан зардап шеккен тұрғындардың жағдайы туралы айтты.

«Бұл жерде ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді, жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Н. Ноғаев.

Оның айуынша, ауруханаға жатқызылғандардың барлығы травматология бөлімшесінде ем алады. Ал жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізіледі.

«Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта барлық адам үйінділерден шығарылды», - деді Нұрлан Ноғаев.

Үйінділерді тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, бүгін таңғы сағат 04:05-те Жаңаөзен қаласында 12-пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің екінші кіреберісінде жарылыс болды. Болжам бойынша газ қоспасы төгіліп, 150 шаршы метр аумаққа зиян келді. Жарылыс салдарынан 4 адам қаза тапты.  Аталған дерекке қатысты жедел штаб құрылды. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер берілетіні хабарланды

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.