Су астында қалған көліктердің шығынын «Алматы жылу жүйесі» өтейді
Арнайы құрылған комиссия шығынды есептеуге кірісті

Алматыда құбыр жарылып тоқтатылған ыстық су кешке дейін қайта беріледі. Оқиға орынында коммуналдық қызмет өкілдерінен құрылған 10 апаттық бригада жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Алматы қалалық энерготиімділік және инфрақұрымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев айтты.
Еске салайақ, бүгін күндізгі сағат 12-лер шамасында Алматыда Райымбек даңғылы мен Бөкейханов көшесінің қилысында ені 700 мм болатын ыстық су құбыры жарылған болатын. Құбырдан атқылаған су сол маңдағы көшені көлге айналдырып жіберді. Жол бойында тұрған төрт автомашина судың ортасында қалған. Көлік иелеріне шығындарды «Алматы жылу жүйесі» компаниясы өтеп беретін болады. Оқиға орнында бір адам ыстық суға күйіп қалған. Бірақ ол ауруханаға барудан бас тартты. Ал жеңіл көлікте отырған жүргізушіні сол маңнан өтіп бара жатқан жүк көлігінің иесі құтқарып қалған.
Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жарылған құбыр 1971 жылдан бері жаңартылмаған. Ал ескі желіні ауыстыру биылғы бюджетке енгізілмеген. Сондықтан жылу маусымының басталуына байланысты тек жанама жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарылған құбыр жамалатын болады. Жылу құбырынан шыққан судың температурасы + 60 градус. Қазір аудандағы бірнеше үйге ыстық су беру тоқтатылған.
«Алматыда ыстық су мен жылу жүйесіне арналған 1222 шақырым құбыр бар. Оның 60 пайыздан астамы ескірген. Бүгін құбыр жарылып, апат орын алған аумақта 30 көпқабатты, 95 жер үй орналасқан. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жүзден аса әлеуметтік нысанның да ыстық суы өшірілген», - деді «Алматы жылу жүйесі" ЖШС өкілі Наталья Инкина.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы