$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.10.2019, 14:30
Оқиғалар

Алматыда 50 жыл жөндеу көрмеген жылу құбыры жарылып кетті

Қазір аудандағы бірнеше үйге ыстық су беру тоқтатылған

Алматыда кезекті жылу маусымы басталуға бір тәулік қалғанда тағы да жылу құбыры жарылды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Бұл жолы Райымбек даңғылы мен Бөкейханов көшесінің қилысындағы көпірдің астынан өтіп жатқан ені 700 мм ыстық су құбыры істен шыққан. Құбырдың жарылуынан соң аққан су сол маңдағы көшені көлге айналдырды. Жол бойында тұрған үш автокөлік судың ортасында қалған.

«Көлік иелері «Алматы жылу желісі» компаниясының кеңсесіне барып, өтемақы үшін өтініш қалдыра алады. Заңнамаға сәйкес сақтандыру шығындары өтеледі», - дейді кәсіпорынның баспасөз хатшысы Ян Гирин.

Баспасөз қызметінің ақпаратында жарылған құбыр 1971 жылдан бері жаңартылмағаны айтылған. Ескі желіні ауыстыру биылғы бюджетке кіргізілмепті. Сондықтан жылу маусымының басталуына байланысты тек жанама жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарылған құбыр жамалатын болады. Жылу құбырынан шыққан  судың температурасы + 60 градус.

Оқиғадан зардап шеккен адамдар жоқ. Қазір аудандағы бірнеше үйге ыстық су беру тоқтатылған. Арнайы құрылған комиссия шығынды есептеуге кірісті. 

Айта кетейік, соңғы рет Алматыда ірі құбыр жарылу оқиғасы биыл 10 сәуірде Төле би мен Пушкин көшелерінің қиылысында болған еді. Ол кезде 8 автокөлік пен 10-нан астам пәтер зардап шекті. Ыстық судан 4 адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілген еді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы  

Серіктес жаңалықтары