«БерӘлі Маңғыстау Сompany» мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жалғасып жатыр - ҚазМұнайГаз
Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 3 отырыс өткізді
«БерӘлі Маңғыстау Сompany» мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жалғасып жатыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының ресми сайтында мәлім етілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биыл 11 сәуірден бастап Астанада арнайы комиссия жұмысын бастады, оның құрамына Энергетика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері, сондай-ақ 10 адамнан құралған «БерӘлі» компаниясының белсенді тобы кірді», - делінген ҚМГ хабарламасында.
Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 3 отырыс өткізді.
«ҚазМұнайГаз» келіссөз барысында қаралған 5 мәселені атады:
1. «БерӘлі» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің басты талабы – «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу. Бастамашыл топқа бұл шарттың мүмкін еместігі айтылды. Ұйымға жұмысқа кезекте 9 мың адам тұрғаны атап өтілді. Олар қабылданған алгоритмдерге сәйкес бастапқыда коммуналды компанияларда жұмыс істейді. Әрі қарай бос жұмыс орны пайда болғанда кезек бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа жұмысқа тұрады. Келіссөз жүргізушілердің бұл талабы қала тұрғындарының мүддесі мен құқығы қайшы келеді.
2. Сатып алу қызметін ұзақ мерзімге белгілеу мәселесі бойынша ҚМГ өкілдері «3+2» схемасы бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін білдірді. Ол бойынша келісімшарттар қосымша 2 жылға ұзарту құқығымен 3 жылға жасалатын болады.
3. Жекелеген мәселелер бойынша «БерӘлі»-нің бұрынғы қызметкерлерінің талаптары өзгерді: атап айтқанда, жерасты жөндеу жұмыстарының қосымша көлемін «Бұрғылау» және «МұнайФилдСервис» жеке компанияларына беріп, «БерӘлі»-нің бұрынғы қызметкерлерін осы компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі айтылды. Алайда, алдын ала келіссөздерден кейін аталған компаниялардың басшылығы өз бригадаларының толық жүктелмеуіне байланысты мұндай қызмет түрін көрсетуге қызығушылығы жоқтығын мәлімдеді.
4. Еңбекті қорғау және ұйымдастыру жағдайлары, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын (БТБА) қолдану және тендер рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша тәуелсіз комиссия құруды мемлекеттік орган өкілдері қарастыруға және комиссияның күн тәртібі мен құрамын мүдделі органдармен келіскеннен кейін жауабын беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.
5. Бұдан бөлек, ҚМГ өкілдері «БерӘлі» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің барлығын осыған дейінгі жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, конкурс нәтижесінде жеңімпаз болған компанияға жұмысқа орналастыруға дайын екендігін растады.
«Қазіргі уақытта жоғарыда аталған мәселелерді талқылау жалғасып жатыр және тараптар қолданыстағы заңнамаға сай келісімге қол жеткізуге мүдделі», - делінген компания сайтында.
Еске сала кетейік, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік жиналды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.
Ал 11 сәуір күні кешке Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.
Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев елордадағы заңсыз жиналыста 120-дан аса адам ұсталғанын, кейіннен барлық жұмысшы өңірлеріне қайтарылғанын айтты.