Шымкентте ер адам өз пәтерінде өртеніп кетті
Қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні 17-шағынауданда болған

Шымкентте тұрғын үйдегі пәтерден өрт шығып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оtyrar басылымының жазуынша, қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні 17-шағынауданда болған.
«Көпқабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түнгі сағат 01.00 шамасында түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері келген уақытта үшінші қабатта орналасқан пәтерде жиһаздар мен заттар жанып жатты. Пәтерден 1962 жылы туған ер адам өлі табылды. Үй кіреберісіндегі қатты түтінге байланысты өрт сөндірушілер тұрғындарды эвакуациялады», - деп хабарлады Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Көршілердің айтуынша, жалғыз тұрған ер адам ішімдік ішкен. Оның пәтерінде бұрын да өрт шыққан, ол кезде ер адамды түтінге дер кезінде назар аударған көршілері аман алып қалған екен.
Өрттің нақты себебін анықтау үшін өрт-техникалық тергеу тағайындалды. Дегенмен өрт бұл жолы да сөндірілмеген темекінің кесірінен шыққан болуы мүмкін екені айтылуда – өрт төргі бөлмеден басталған.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі мен 61 жастағы ер адам өлімінің мән-жайы анықталып жатыр.