Түркістан облысында жоғалған оқушы қыздың өзенге құлап кеткені анықталды
25 наурызда жоғалып кеткен қыз баланы іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр
Түркістан облысында бес күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 5-сынып оқушысының өзенге құлап, қайтып шыға алмай қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 25 наурызда жоғалып кеткен қыз баланы іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
«Жергілікті полиция бөліміне тұрғындардың бірі арызданып, шамамен сағат 17:00-де кәмелет жасына толмаған қызының үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізді. Әйелдің арызы бірден тіркеліп, ПД бастығының тікелей тапсырмасымен із-түзсіз жоғалған қызды табуға жеке құрам жұмылдырылды. Полиция бірнеше күннен бері, күндіз-түні Інжу Ескерместі іздеп жатыр», - делінген хабарламада.
Көмекке қала тұрғындары, еріктілер, білім ошақтарының ұжымы қосылып, қызметтік иттер, дрондар қолданылды.
«ЖБО-на қосылған бейнежазбаларды зерделеу барысында Інжудің аулада ойнағаны, одан соң жол бойымен белгісіз бағытта кетіп бара жатқаны анықталды. Інжумен бірге ойнаған көрші қызбен бірнеше рет тілдесу арқылы, екеуінің бірге су ағып жатқан каналға барғаны, Інжу сумен ойнағысы келіп, абайсызда каналға құлап кетіп, шыға алмай қалғаны анықталды. Қазір полицейлер осы бағыт бойынша қайта жоспар құрып, іздеу жұмыстарына ТЖ қызметкерлерін шақырды», - деп атап өтті ПД өкілдері.
Қазіргі кезде қыз баланы іздеу жұмысы жалғасып жатыр.