$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түрмедегі төбелес: СҚО-да атышулы қылмысқа қатысты сот үкімі шықты

Атышулы оқиға өткен жылдың қарашасында болған

Түрмедегі төбелес: СҚО-да атышулы қылмысқа қатысты сот үкімі шықты
Фотоколлаж

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің бірін өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты. Пешков 14 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасының алғашқы үш жылын қылмыстық атқару жүйесінің толық қауіпсіздік деңгейіндегі мекемесінде өтейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

ТҮРМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕШҚАНДАЙ ӘРЕКЕТ ЖАСАМАҒАН

Өткен жылдың қарашасында болған атышулы қылмыстық істің нүктесі қойылды. Естеріңізге сала кетсек, қанды оқиға Айыртау ауданына қарасты Новоyкраинка ауылында орналасқан №51 РММ төтенше қауіпсіздің деңгейіндегі түзету мекемесінде болған. Қылмыс жасалған сәтте түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып, қызу талқыға түскен еді.

Сотталғандар арасында жанжал туған. Яғни, 28 жастағы және 46 жастағы жазасын өтеуші төбелескен. Бірі екіншісінің басынан бірнеше рет балтамен ұрған. Ал түрме қызметкерлері бәрін көре тұра, ешқандай әрекет жасамаған.

1976 жылы туған жәбірленуші ауыр жарақатпен Айыртау ауданының орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Алайда, ол есін жимастан қайтыс болды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілді.

МЕКЕМЕНІҢ 2 БАСТЫҒЫ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ

ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Айыртау ауданындағы мекемесінде анықталған бірнеше олқылыққа қатысты осы мекеменің екі бастығы қызметінен босатылды. Тағы бес қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Облыс прокуратурасының осы мекеменің қызметінде бірқатар елеулі бұзушылықтарды анықтаған ұсынысы СҚО прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың қатысуымен ҚР ІІМ ҚАЖК алаңында қаралды. Құзырлы огран өкілдерінің айтуынша, түзету мекемесінде тиісті бақылаудың жоқтығы осындай қылмыстың жасалуына алып келген.

Атышулы іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен және сараптама қорытындысымен толық дәлелденді.

Константин Пешков бұған дейін де бірнеше рет сотталған. Мекемеде жазасын өтеген іс бойынша ол 2020 жылғы 11 маусымда бас бостандығынан айрылған болатын. Қызылжар аудандық соты оны өзгенің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 6 жыл жаза кескен еді.

«8 қарашада мен екі таблетка – ацетаминофен мен ацетил қышқылын ішіп, ұйықтадым. Болды, содан кейін ештеңе есімде жоқ. 9-да түскі уақытта тәртіптік изоляторда ояндым.

Мен кісі өлтіру дерегі туралы тергеушіден білдім. Дәлірек айтсам, мені ауруханаға тексеруге апарған сәтте. Бірақ мен жай ғана жала жапты деп ойладым. Өзім сенбедім. Содан кейін тергеу кабинетінде бейнежазбаны қарап шықтым, бұл мен болғаным анық, сондықтан мен шынымен қылмыс жасағанымды мойындаймын, бірақ бұл сәт есімде жоқ. Расында да, есімде жоқ», - деді Константин Пешков сот отырыстарының бірінде өткен жауап алу кезінде.

ПРОКУРОР АЙЫПТАЛУШЫНЫ 16 ЖЫЛҒА СОТТАУДЫ СҰРАДЫ

Прокурор айыпталушыға 16 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау туралы өтініш білдірді, оның ішінде толық қауіпсіздіктің қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 5 жыл. Жәбірленушінің өкілі прокурордың ұстанымымен келісті.

«ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі санкциясы 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді, қылмыс аса ауыр санатқа жатады. Сот кінәні ішінара мойындауды жеңілдететін жағдай деп таныды, ауырлататын жағдай – қылмыстың қауіпті қайталануы. П. соттың үкімімен кісі өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкімдердің жиынтығы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық сотының 11.06.2020 жылғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылды және төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 14 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды», - деді облыстық соттық баспасөз хатшысы.

Сотталған адамнан жәбірленуші өкілінің пайдасына моральдық зиян өндірілді.

Сол кезде СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментін басқарған генерал-майор Берік Біләловке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Оған «2021 жылы алдап-арбау жолымен қомақты қаржыны қалтасына басқан» деген айып тағылып отыр. Істі ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеуде. Жемқорлыққа қарсы қызмет барлық материалдарды құзырлы органға тапсырды.

Полиция генерал-майоры СҚО ҚАЖД басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалғанға дейін, яғни 2014-2019 жылдар аралығында СҚО Полиия департаментінің бастығы, ал 2019 жылы сәуірден қазанға дейін Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Серіктес жаңалықтары